
Қарағанды облысы – Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1932 ж. 10 наурызда құрылған. Жер аумағы 428 мың км2. Тұрғыны 1,35 млн адам, орташа тығыздығы 1 км2-ге 3,1 адамнан келеді (2009). Солтүстігінде Ақмола, Павлодар, шығысында Шығыс Қазақстан, оңтүстігінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл,батысында Ақтөбе, Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыс 9 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік аудандарға бөлінеді. 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар. Әкімшілік орталық – Қарағанды қаласы. Қарағанды облысы Сарыарқаның оңтүстік жарты бөлігінде орналасқан. Қиыр батысын Торғай қолатының шығысы мен Тұран ойпатының солтүстік-шығысы, солтүстігін Теңіз – Қорғалжын ойысы, Есіл жазығы, Ерейментау, Қызылтау және басқа ұсақ таулар, шығысында Ащысу, Дағанделі өзендерінің аңғары, оңтүстігін Бетпақдала сазды шөлі мен Балқаш көлі алып жатыр. Бедері негізінен ұсақ шоқылы, төбелі-белесті болып келеді. Олардың арасында ерте кездегі өте биік қатпарлы таулардың жұрнақтары – гранитті тау массивтері көптеп кездеседі. Мұндай аласа тауларды тауаралық кең жазықтар, өзен аңғарлары, көл ойыстары бөліп тұрады. Облыстың батыс бөлігін Ұлытау (1131 м), Арғанаты, Желдіадыр, т.б. таулар, ұсақ, орташа Абсолюттік биіктігі 300 – 500 м Сарысу төбелі-белесті жазығы алып жатыр. Қарағанды облысының шығысын көтеріңкі келген Балқаш – Ертіс суайрығын құрайтын таулар тізбегі –0 Қарқаралы (Жиренсақал тауы, 1403 м), Кент тауы (1469 м), Қу (1356 м), Қарақуыс тауы (1342 м), Қызылтас тауы (Қушоқы, 1283 м), Қызыларай тауы (Ақсораң, 1565 м, Сарыарқаның ең биік нүктесі), Кешубай (Сарыобалы, 1320 м), Қоңыртемірші тауы (Қарасораң, 1368 м), т.б. көптеген таулар алып жатыр. Шығыс бөлігі өзінің биіктігімен (орташа Абсолюттік биіктігі 500 – 1000 м) және жер бетінің қатты тілімденгендігімен ерекшеленеді.


