top of page

Маңғыстау облысы — Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан облыс, бұрын Маңғышлақ деп аталған. Каспий теңізінен шығысқа қарай Маңғышлақ (Маңғыстау) үстіртінде орналасқан, солтүстік-шығысында Атырау және Ақтөбе облыстарымен, оңтүстігінде Түркіменстанмен және шығысында Өзбекстанмен шектеседі. Маңғыстау облысы – өнеркәсіптік өңір, мұнда Қазақстан мұнайының 25% өндіріледі. Ақтау — Жетыбай — Өзен мұнай құбыры өтеді. Маңғыстау облысында Қазақстанның «теңіз қақпасы» - Ақтау қаласы орналасқан. 
Құрылған уақыты: 1973 жылы 20 наурызда Гурьев облысының оңтүстік бөлігінен құрылған. 1988 жылы облыс таратылып, 1990 жылы «Маңғыстау» деген атпен қайта қалыптастырылды.
Облыстық маңызы бар 2 қала: Ақтау қ. мен Жаңаөзен қ. 

Маңғыстау жері – бұл ежелгі өркениет елі, 11 мың тарихи ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражай, мыңдаған тасқа салынған сурет-дастандардың елі. Ерекше діни ғимараттар мен Бекет-Ата, Шақпақ-Ата, Шопан-Ата, Масат-Ата мешіттерінің өлкесі, оларға тек Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, Ресей мен Кавказдан, Иран мен Түркиядан сиынушылар үздіксіз ағылуда. Мыңдаған жылдар бұрын Маңғыстау жерімен Хорезм мен Хиуадан Еуропаға және Таяу Шығысқа созылған Ұлы жібек жолы өтті. Бұл жолдың бойымен Үстірт қыратында бекіністер, керуен-сарайлар, қолөнершілердің, малшылардың және аңшылардың қоныстары орналасқан. Табылған археологиялық заттар бұл бекіністер мен қоныстарда өмір деңгейінің айтарлықтай жоғары дәрежеде болғандығын дәлелдеп отыр. Халықтардың ұлы қоныс аударуы және осымен байланысты сансыз соғыстар Үстірт арқылы өтетін Жібек жолын үзіп тастады, ал кейінгі жүзжылдықтарда болған жойқын монғол шапқыншылығы оларды жер бетінен біржола жойып жіберді. Маңғыстау көп ғасырларға ойкуменаның ең шегіне қарай ығыстырылды және еуразиялық қатынастар үшін шешуші маңызға ие болуын тоқтатты. Оның үстімен құрғақ жел соғып өтіп, күн күйдіріп, түбекті мекендеген көшпелілердің өмірін тіршілік үшін тоқтаусыз арпалысқа айналдырды.

 
Бүгінде Маңғыстауды қазыналы түбек, тарихи ескерткіштер мен мыңдаған жолдар өлкесі деп атайды. Бұл жолдар теңіз жағасында пайда болған қала – Ақтауға, Қазақстан Республикасындағы ең жас орталықтардың бірі болып табылатын Маңғыстау облысына апарады. Ұлы геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, КСРО ҒА академигі Қ.И. Сәтбаев бірде түбекті ұшақпен айналып ұшқанда, оның құм пердесімен жабылған әйелдің кескініне ұқсайтынын байқап, оны «ұйқыдағы ару» деп атаған.

  • Facebook Social Icon
  • Twitter Social Icon
  • Google+ Social Icon
  • YouTube Social  Icon
  • Pinterest Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page